МСАК бойынша негізгі нормативтік-құқықтық актілер

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына байланысты, амбулаториялық ұйымдар қызметінің ерекшеліктеріне қатысты мәселелерді жариялау мақсатында ЕНСЗ енгізу шарттарында «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ-дағы РМК базасында Call-орталығы ұйымдастырылды:

1. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарға тіркеу қағидасы

Азаматтардымедициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарға тіркеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 01 қарашадағы №1263 қаулысының негізінде, тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс, оқу орны бойынша, бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық мекемені еркін таңдау құқығы ескеріліп жүзеге асырылады. Бұл ретте, азамат бір медициналық ұйымға ғана бекітілуі мүмкін. Медициналық ұйымға тіркеу талоны азаматты емханаға тіркеуді куәландыратын құжат болып табылады. Тіркеу талонын медициналық ұйымның медициналық тіркеушісі береді. Тіркеу өзгерген жағдайда азаматқа тіркеуден шығару талоны беріледі. МСАК ұйымына тіркеу еркін нысандағы өтініш пен жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік) негізінде жүзеге асырылады. МСАК ұйымдары азаматтар өз бетімен жүгінген кезде немесе олардың жазбаша өтініші бойынша тіркеуді жүзеге асырады. Сонымен қатар, электрондық үкіметтің www.egov.kz сайтының көмегімен емханаға тіркелуге болады. Егер азамат бұрын басқа емханаға тіркелген болса, онда тіркеуден шығару бұл электрондық форматта  жүргізіледі (автоматты түрде).
Азамат тіркелу үшін емхананы, дәрігерлік амбулаторияны еркін таңдаған кезде медициналық ұйым:

  • емхананың қызметі аумақтық қағидатқа негізделгендіктен, азаматқа үйінде қызмет көрсетуді;
  • осы медициналық ұйымға тіркелген халық санының нормативтері асып кеткен жағдайда азаматты осы емханаға тіркеуді талқылауға құқылы. Егер тіркелген халық саны нормативтен асып кетсе және пациент осы емхана қызмет көрсететін аумақта тұрмаса, емхананы еркін таңдау кезінде тіркеуден бас тартылуы мүмкін.

Азаматты МСАК ұйымдарына тіркеуді өзгерту:

  • азамат медициналық ұйымды еркін таңдаған кезде жылына көп дегенде бір рет;
  • тұрақты немесе уақытша тұру, жұмыс немесе оқу орны өзгергенде;
  • емхана, дәрігерлік амбулатория қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда жүзеге асырылады.

Ағымдағы жылда ҚР Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін енгізу шеңберінде 2013 жылғы 15 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдау қағидатымен медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына тіркеу және қайта тіркеу науқаны жүргізіледі.

2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізбесі

Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009ж.15.12 №2136 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға бюджеттік қаражат есебінен көрсетіледі және неғұрлым дәлелденген тиімділігі бар алдын алу, диагностикалық және емдеу медициналық қызметтерін қамтиды.

Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне: медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК), медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманын және бейінді мамандарды жіберу бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті (КДК) қамтитын жедел медициналық көмек және санитариялық авиация, амбулаториялық-емханалық көмек кіреді.
Сонымен бірге, кепілдік берілген көлемге шұғыл айғақтар бойынша – жолдаманың бар-жоғына қарамастан, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жоспарланған көлем шеңберінде МСАК маманының немесе медициналық ұйым маманының жолдамасы бойынша стационарлық медициналық көмек кіреді.
Сондай-ақ кепілдік берілген көлем МСАК немесе медициналық ұйым  маманының жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмекті, қалпына келтіріп емдеу мен медициналық оңалтуды, паллиативтік көмекті және ҚР Үкіметі белгілеген халықтың санаттарына мейірбике күтімін қамтиды.

Амбулаториялық-емханалық көмек нысанындағы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, атап айтқанда, «медициналық айғақтар және МСАК маманының және (немесе) бейінді мамандардың жолдамасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, мүгедектерге, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге, инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын науқастарға, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратындарға жүргізілетін полимеразды тізбек реакция, иммунды фенотиптеу, компьютерлік және магниттік-резонансты томография, ангиография, медициналық-генетикалық зерттеу негізіндегі диагностикадан басқа, зертханалық және аспаптық зерттеу» кіреді.

Сондай-ақ кепілдік берілген көлемге: инъекциялар, қатты дәке таңғышты, шиналарды салу, хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық, офтальмологиялық, оториноларингологиялық және медициналық ұйымның шығыс материалдары пайдаланылатын басқа да амбулаториялық шаралар секілді медициналық қызметтер кіреді.
Кепілдік берілген көлемге медициналық айғақтар бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға арналған физио ем-шараларын қамтитын емдеу шаралары және халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына шұғыл стоматологиялық көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге жоспарлы стоматологиялық көмек (ортодонтикалық және ортопедиялық көмектен басқа), оның ішінде тісті жұлу, тісті тазалау және химиялық қатырылған құрама материалдан жасалған пломбаны салу кіреді.
Сондай-ақ белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен мамандандырылған емдік өнімдер тізбесіне сәйкес дәрілік заттармен қамтамасыз ету медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізбесіне кіреді.

3. Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету қағидасы

Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету қағидасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 қарашадағы №1887 қаулысымен бекітілген. Медициналық ұйымдардағы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі меншік нысанына қарамастан, лицензиямен айқындалатын олардың қызметінің бағытына сәйкес көрсетіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:
1) шұғыл медициналық көмек пен санитариялық авиация;
2) амбулаториялық-емханалық көмек, оның ішінде:

  • медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК);
  • консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі – КДК);

3) уәкілетті орган белгілейтін, жолдаманың бар-жоғына қарамастан – шұғыл айғақтар бойынша операция жасауға жатқызу жағдайлардың жоспарланатын саны (шекті көлемдері) шеңберінде МСАК немесе медициналық ұйым маманының жолдамасы бойынша стационарлық медициналық көмек;
4) медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационар алмастыратын медициналық көмек;
5) қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халықтың санаттарына паллиативтік көмек және мейірбике күтімі.

4. Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету тәртібі

1) Жедел медициналық көмек денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жағдайлар туындаған кезде көрсетіледі.

2) Санитариялық авиация – пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ұсынылады. Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну әр түрлі көлік түрлерімен білікті мамандарды межелі жерге жеткізу немесе науқасты тиісті медициналық ұйымға тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.

3) МСАК – тәулік бойы медициналық қадағалаусыз дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде көрсетіледі, ол адам, отбасы мен қоғам деңгейінде көрсетілетін мынадай қол жетімді медициналық қызметтер кешенін қамтиды:

  1. неғұрлым таралған аурулар, сондай-ақ жарақаттар, улану мен басқа да кезек күттірмейтін жай-күй  диагностикасы және оларды емдеу;
  2. инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы  (алдын алу) іс-шаралары;
  3. халықты гигиенаға үйрету, отбасыны, ананы, әке мен баланы қорғау;
  4. халықты қауіпсіз сумен қамту және ұтымды тамақтану бойынша түсіндіру жұмыстары.

МСАК көрсететін ұйымдар қызметі азаматтардың тұрғылықты жері бойынша оларға көрсетілетін медициналық көмектің қол жетімді болуы және (немесе) медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын ескере отырып тіркеу мақсатында аумақтық қағидат бойынша құрылады. МСАК-ты учаскелік терапевттер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, фельдшерлер, акушерлер, медициналық мейірбикелер дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде көрсетеді. Консультациялық-диагностикалық көмек тәулік бойы медициналық қадағалаусыз мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек нысанында көрсетіледі. Бейінді маманның консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуі МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
4) Стационарлық көмек – тәулік бойы медициналық қадағалап, білікті,  мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету нысаны. Стационарға операция жасауға жатқызу:

  1. МСАК және медициналық ұйым мамандарының жолдамасы бойынша;
  2. СМП және санитариялық авиация қызметтері;
  3. Шұғыл жағдайларда өздері жүгінген кезде жүзеге асырылады.

5) Стационар алмастыратын көмек – бір күн ішінде төрттен сегізге дейінгі уақытта медициналық қадағалап, дәрігерге дейін көрсетілетін, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету нысаны.
6) Қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту туа біткен немесе жүре пайда болған аурулармен, сондай-ақ жіті, созылмалы аурулар мен жарақаттардың салдарынан зардап шегетін азаматтарға ұсынылады.
7) Паллиативтік көмек дәрігердің басшылығымен мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистерде) немесе үйдегі стационар нысанында терминалдық (соңғы) сатыдағы сырқаты дауасыз азаматтарға көрсетіледі.
8) мейірбике күтімі – тұрақты дәрігерлік қадағалауды талап етпейтін жағдайларда мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (мейірбике күтімі ауруханаларында) немесе үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік қамтамасыз ету:

  1. медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсеткен жағдайда;
  2. белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен мамандандырылған емдік өнімдер тізбесіне сәйкес амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілген жағдайда жүзеге асырылады.